«Факел» стадионы пайдалануға берілді
Шалқар қаласының батыс бетіндегі «Факел» стадионы күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Жергілікті бюджет қаржысы есебінен жаңаша кейіпке енген стадионда 500 көрерменге арналған жартылай жабық трибуна, спортшылардың киінетін бөлмелері, көрермендердің ортаңғы корпусы жасақталған. Стадионға жасанды төсеніш төселген, футбол ойнайтын алаңның ұзындығы 105 метр болса, ені 65 метрді құрайды. Жеңіл атлеттерге арналған айналма жолдың ұзындығы 400 метр. Баскетбол, волейбол алаңдары және бар.
«Ауданда спорт саласы бойынша көптеген жұмыстар жасалып жатыр. 140-тың үстінде әртүрлі спорттық нысандарда тұрғындардың дене шынықтыру және спортпен айналысуларына мүмкіндігі бар. Өткен жылы ауданда №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі құрылып, ұлттық спорт түрлері бойынша балаларды баулуда. Онда спорттың алты түрінен 400-ге жуық бала тәрбиеленсе, Шілікті, Тоғыз елді мекендерінде қазақша күрес секциялары жұмыс істейді», — деді стадионның ашылу салтанатында аудан әкімі Бауыржан Қаниев.
«Факел» стадионын күрделі жөндеуден өткізген кәсіпкер Серік-Тұғыр Әйтеновке Алғыс хат тапсырылды. Спорт ардагерлері Адхан Бекжанов пен Марат Тоғызбаевқа да құрмет көрсетілді.
Грек-рим күресінен спорт шеберлігіне үміткер, Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесі үшін болған республикалық турнирдің қола жүлдегері, мектеп және колледж оқушылары арасында республикалық спартакиаданың күміс жүлдегері Жасұлан Шармақов осындай үлкен спорт нысанының іске қосылғаны аудан жастары үшін үлкен сый екенін айтты. «Факель» стадионынан алдағы уақытта ірі дәрежедегі спорттық додаларда бақ сынасатын жігерлі жас спортшылардың дайындалып шығатынына сенім білдірді.
Мұхтар МЫРЗАЛИН,
Шалқар ауданы.